Ван И: Қытай Ауғанстанға 200 миллион юаньдық шұғыл көмек беру туралы шешім қабылдады

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 10 қыркүйек

10 қыркүйек, онлайн «Халық Газеті» -- 8 қыркүйекте Мемлекеттік кеңестің мүшесі және Сыртқы істер министрі Ван И Бейжінде видео арқылы Ауғанстанға көрші елдердің Сыртқы істер министрлерінің бірінші отырысына қатысты.

Ван И былай деді: Ауғанстан бүгінде тарихтың қиылысында тұр. Көрші ел ретінде біз Ауғанстанның соғысқа қайта шырмалып қасыретке батуын еш уақытта қаламаймыз, Ауғанстанда бейбітшілік пен дамудың қалпына келуін ешбір ел бізден артық тілемейді. Біз Ауғанстандағы жағдайдың ретке түсетін маңызды кезеңінде елдің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу негізінде жағдайдың дамуы мен өзгеруіне оң әрі белсенді ықпал етуіміз керек.

Ван И Ауғанстанмен көршілес елдер өздерінің заңды алаңдаушылықтарын шешіп қана қоймай, сонымен қатар Ауғанстанның тұрақтылығын қалпына келтіруге оңтайлы сыртқы ортаны қамтамасыз ету үшін бірегей рөл атқаруы тиіс деп мәлімдеді. Осы кезеңде алты бағыттағы үйлестіру мен ынтымақтастыққа назар аударуға тиіспіз:

Бірінші, Ауғанстандағы індеттің алдын алу мен бақылауды күшейтуге көмектесу. Қытай ауған халқын індетке қарсы және төтенше жағдайға қажетті бұйымдармен қамтамасыз етуге дайын.

Екіншісі, кеденді ашық ұстау. Біз барлық елдердің қауіпсіз болу шарттылығы жағдайында Ауғанстанмен кеденді кедергісіз ұстауға кепілдік етеміз.

Үшінші, босқындарды басқару мен бақылауды күшейту. Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары Ауғанстандағы босқындар мәселесін шешуде негізгі жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Сонымен бірге Ауғанстаннан босқындарды қабылдауға ықыласты елдерге тиісті өтемақы беруі тиіс.

Төртінші, шұғыл гуманитарлық көмек көрсету. Ауған халқының қажеттіліктеріне сәйкес, Қытай 200 миллион юаньдық азық -түлікті, қысқы керек-жарақтарды, вакциналар мен дәрі -дәрмектерді жедел түрде беру туралы шешім қабылдады.

Бесінші, терроризмге қарсы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету. Ауғанстандағы жағдайдың өзгеруі халықаралық және өңірлік терроризмге қарсы жағдайға күрделі әсер етті. Біз Талибанды барлық террористік күштерден үзілді-кесілді шеттетуге және оларды тежеу үшін тиімді шаралар қабылдауға шақырғымыз келеді.

Алтыншы, есірткіге қарсы ынтымақтастықты жүзеге асыру. Жақында Талибан Ауғанстанның бұдан былай есірткі өндірмейтінін мәлімдеді. Біз осыны жақтап, қолдау көрсетіп, Ауған диқандарының басқа егіс дақылдарын отырғызуды дамытуына көмектесіп, аймақтағы есірткі көздерін жою үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз керек.

Кездесуге қатысқан барлық тараптар Ауғанстанның көрші елдер Сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуінде қол жеткізілген консенсус сериясына оң пікір білдірді, оның бірегей рөлін растады және Ауғанстанға көрші елдердің Сыртқы істер министрлерінің кездесуін институционализациялауға келісті.

Пәкістан Сыртқы істер министрі Шах Махмуд Курейши Ауғанстанға көрші елдер Сыртқы істер министрлерінің бірінші кездесуін басқарды. Кездесуге Қытай Мемлекеттік кеңес мүшесі және Сыртқы істер министрі Ван И, Иран Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов және Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев қатысты. 

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото