Қазақстанның Қытайдағы уақытша сенімді өкілі: Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданың сәтті өтетініне сенемін

(Онлайн Халық Газеті)2021 жыл 13 желтоқсан
Қазақстанның Қытайдағы уақытша сенімді өкілі: Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданың сәтті өтетініне сенемін

13 желтоқсан, онлайн «Халық Газеті» -- Жақында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның Қытайдағы елшілігі қытайлық және қазақстандық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз жиналысын өткізді. Жиында Қазақстанның Қытайдағы уақытша сенімді өкілі Мұрат Мұқышев: «Қазақстанның қысқы спорт түрлерінен бұрыннан қалыптасқан дәстүрі бар. Кезекті Бейжің қысқы Олимпиадасына қатысу үшін Қазақстан 50-ге тарта спортшы жіберуге әзірленуде», - деп Қазақстан делегациясының Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындалу жағдайымен таныстырды.

Қазақстан - Азиядағы қар-мұз спорты саласынан әлеуетті ел, ол 2011 жылы 7-нші кезекті қысқы Азия спорт ойындарын өткізген болатын. Сонау 1994 жылы Лиллехаммер қысқы Олимпиадасында Қазақстан алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысты. Онда шаңғы жарысының шабандозы Владимир Смирнов Қазақстанның қысқы Олимпиадасы тарихындағы бірінші алтын медальды жеңіп алған еді. Одан кейінгі қысқы Олимпиада ойындарында да Қазақстан спортшылары талай марапаттарды қанжығасына байлады.

Сенімді өкіл Мұрат Мұқышев Қазақстан Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл, шаңғымен сырғанау, шаңғымен трамплиннен секіру сынды 7 жарыс түрінен қатысатынын айтты. Сонымен қатар, қысқы Олимпиадаға қатысушы қазақстандық спортшылар жарысқа қызу дайындық үстінде екендігін, қатысушылар құрамының соңғы тізімі келесі жылы қаңтар айының ортасында белгілі болатындығын, қазіргі уақытта спортшылар қысқы Олимпиадаға жолдама алу үшін аянбай тер төгіп жатқанын жеткізді.

Мәліметтерге сәйкес, Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріну үшін Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті дайындықты күшейтіп жатыр екен. Атап айтқанда, спорттық командаларға қаржылық кепілдіктерді еселеу, кәсіби медициналық және денсаулық сақтау қызмет түрлерін көбейту, спортшылардың жаттығу жағдайын жақсарту.

Сенімді өкіл: «Біз Бейжің қысқы Олимпиадасының табыспен өтуіне тілектеспіз және сенеміз. Бейжің қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын өткізген қала ретінде тарихта қалатын болады», - деді сөз соңында.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото