Қазақстан үш ел шекарасында электронды кезек жүйесін енгізбек

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 16 ақпан
Қазақстан үш ел шекарасында электронды кезек жүйесін енгізбек

Ақпан айының аяғына дейін Қазақстандағы төрт өткізу бекетінде электронды кезек жүйесі енгізілмек. Бұл туралы ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың екеуі – Қытай шекарасындағы «Бақты» (Абай облысы) және «Майқапшағай» (ШҚО) бекеті. «CarGoRuqsat» сервисі «Бақты» бекетінде 15 ақпаннан, ал «Майқапшағай» бекетінде 20 ақпаннан бастап іске қосылмақ.

Тағы екі бекет Маңғыстауда облысында орналасқан. «Темір-Баба» бекетінде кезек 22 ақпанда, ал «Тәжен» бекетінде 27 ақпанда енгізілмек. Біріншісі Түрікменстанмен, ал екіншісі Өзбекстанмен шекарада.

Бұған дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық», «Нұр-Жолы» өткізу бекеттерінде электронды сервис енгізілген. Бүгінде жүйе арқылы кезекті броньдау бойынша 84 мың операция орындалып, шамамен 7,5 мың пайдаланушы тіркелген.

Сервисті жасап шығарушылардың айтуынша, жүйе ұдайы жетілдіріліп келеді. Жуырда Face ID, яғни адамның келбетін сканерлеп тексерумен толығып, шетелдік азаматтар үшін банк картасы арқылы растау қызметі іске қосылмақ.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото