Сегіз айда Қазақстан экономикасы 4,8 пайызға өсті

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 16 тамыз

Биылғы 8 айда Қазақстан экономикасы 4,8 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8 пайызды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 4,6, ал қызмет көрсету саласы 4,7 пайызға өсті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті», - деді Әлібек Қуантыров.

Оның дерегінше, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсім қарқыны 12,4 пайызды құрады.

«Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 57,7, білім беруде – 24,3, саудада – 22,6, ауыл шаруашылығында – 21,3, сондай-ақ өнеркәсіпте – 9, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 8,4 пайызға артты.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің атап өтуінше, алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 4,3 пайызға өсіп, 67,2 млрд доллар болды.

«Экспорт 38 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 29,3 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 8,7 млрд долларға тең», - деді ол.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото