Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,9 пайызды құрады

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 16 қараша

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті. Нақты сектордағы оң динамика 3,8%-ды, қызмет көрсету саласында 5,4%-ды құрады. Салалар арасында ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік салаларына тиесілі.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%-ға жетті. Олардың ағыны көлік және қоймалау саласында 58%-ға, денсаулық сақтау саласында 40%-ға, саудада 38%-ға, білім саласында 18%-ға, ауыл шаруашылығында 8,7%-ға, өнеркәсіпте 8,3%-ға өсті.

Алдын ала қорытындылар бойынша, қаңтар-қыркүйекте Қазақстан республикасының сыртқы сауда айналымы 2,4%-ға $102 млрд-қа дейін өсті. Экспорт $57 млрд-тан астам болды, оның ішінде өңделген тауарлар экспортының үлесі - $18 млрд, тауарлар импортының үлесі - $44 млрд-тан астам. Қазақстанның оң сауда балансы $13 млрд-қа тең.

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың мәліметінше, 10 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түскен, жоспар 98,3%-ға орындалған. Атап айтқанда, республикалық бюджет 10,5 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 5,1 трлн теңгеге толықтырылды. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2%-ға, республикалық бюджет шығыстары 99,4%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 97,2%-ға орындалды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото