Елші: Қазақстан - Қытай үшін тек көрші ел емес, жақсы дос, сенімді серіктес

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 15 желтоқсан

14 желтоқсан, онлайн «Халық Газеті» -- Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Хабар 24-ке сұхбат беріп, ынтымақтастықтың негізгі тетіктеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлемдегі геосаяси жағдайларға қарамастан, Қазақстан мен Қытай өзара қарым-қатынасын тұрақтандырып алған. Оған екі ел басшыларының серіктестігі негіз.

«Қазақстан бізге тек көрші ел емес, ол Қытай үшін жақсы дос, сенімді серіктес. Мәселен, ұзаққа созылған ковид кеселінен кейін Қытай Президенті Си Цзинпиннің бірінші ресми сапары дәл осы Қазақстан еліне болды. Ал биылғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні оның Қытайға ресми сапарымен тұспа-тұс келді. Сонда Си Цзинпин өзінің жұмыс ауқымына қарамастан Қазақ басшысын құттықтау үшін басқа қаладан арнайы ұшып барды. Құттықтады. Бұл екі ел басшыларының өзара ынтымақтастығын дамытуға өз күштерін салып келе жатқанының айқын дәлелі»,- дейді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл – 32 жыл. Осы уақыт бедерінде арадағы ынтымақтастық нығая түсті. Биылдың өзінде 30-дан астам үкіметаралық құжатқа қол қойылса, 80-ге жуық коммерциялық келісім жасалған. Сондай-ақ осы жылы, елдер арасындағы тауар айналым, рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұл әсіресе сауда-экономикалық әріптестіктің бекігенін көрсетеді. 2023 жылы жалпы сомасы 38 миллиард доллар көлеміндегі түрлі салаға қатысты келісім жасалды.

«Биылғы жыл Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың дамуына оң ықпалын тигізді. Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мені қабылдады. Біз әрбір саладағы жетістіктерге жеке тоқталдық. Биыл инвестициялық, коммерциялық және технологиялық өндіріс салаларына қатысты құны 38 миллиард АҚШ долларынан асатын екіжақты құжаттарға қол қойылды. Бұл бір жағынан Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының рекордтық көрсеткішке жеткенін көрсетіп отыр»,- дейді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Екіжақты әріптестіктің деңгейін визасыз режим көтерді десек те болады. Иә, өткен айда Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қақпа екі жаққа да айқара ашылды. Осылайша азаматтар жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды және транзиттік пен іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылды. Қазірдің өзінде Эйр Астана ұшағы Алматыдан Бейжіңге аптасына 6 рет, Ал Астанадан апта сайын қатынауда.

«Визасыз режимді орнату – екі ел Басшыларының маңызды шешімдерінің бірі болды. Ол әсіресе екі ел азаматтарына өте тиімді. Енді шекарадан өту үшін кеденде ұзын-сонар кезек болмайды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлерінің мақсаттары да іске асады. Олар емін-еркін қозғалып, өздеріне әріптесті оңай табуға мүмкіндік алды. Бұл арқылы экономиканы арттыруға болады»,- дейді Чжан Сяо.

Бүгінде Қазақстан-Қытай арасында жұмыс істеп тұрған 2 теміржол бар. Жақында оның қатары тағы біреуімен толығады. Екі ел арасын жалғайтын үшінші трансшекаралық теміржол желісі - Аягөзден Бақтыға, одан әрі Қытай асып, Шәуешекке барады. Қазір «Аягөз-Шәуешек» теміржолы құрылысының техникалық экономикалық негіздемесі дайын. Құрылыс осы айда басталады деп жоспарланған. Ол жүзеге асса Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті артады.

«Тағы бір маңызды халықаралық инвестициялық жобалардың бірі – Қазақстан мен Қытай арасын жалғайтын 3-ші теміржолы. Егер іске асса 1-2 жылда транзиттік қатынас та одан әрі дамығалы отыр»,- дейді Қытайдың Қазақстандағы елшісі.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото