Роман Скляр жұмыс сапарымен Қытайға келді

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 18 желтоқсан

2023 жылғы 16 желтоқсанда Қытай тарапының шақыруымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен Қытайдың маңызды өнеркәсіптік, инновациялық және ғылыми-білім беру орталықтарының бірі Хэфэй қаласына (Аньхой өлкесі) келді.

Бұл туралы Kazinform ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған сапар барысында Роман Скляр Аньхой өлкесі Партия комитетінің хатшысы Хань Цзюньмен және Аньхой өлкесі Халық үкіметінің төрағасы Ван Цинсяньмен келіссөздер жүргізіп, оның аясында тараптар Қазақстан өңірлері мен Аньхой өлкесі арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелерін талқылады.

Іс-шараның қорытындысы бойынша «Астана Моторс» ЖШС мен қытайлық «Chery International Co., Ltd.» автомобиль жасау компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, онда «Алматы» индустриялық аймағында автоөнеркәсіптік парктің бірлескен құрылысы саласында жоғарыда аталған ҚР мен ҚХР кәсіпорындары арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Сапар соңында қазақстандық делегация «JAC Group» – «JAC Xinggang» және «JAC NIO» қытайлық ірі автомобиль жасау компанияларының бірі, сондай-ақ Хэфэй қаласының экономикалық және технологиялық даму аймағын аралап, «Sungrow Power Supply Co., Ltd.» қытай энергетикалық компаниясының өндірістік базаларының негізгі қызметімен танысты.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото