Қазақстан Аралды құтқару қорына үш жыл төрағалық етеді

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 4 қаңтар

2024 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін қор президенті болып сайланды, деп хабарлайды Kazinform Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Халықаралық Аралды құтқару қоры құрамына Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіреді.

«Біз Орталық Азия мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен ынтымақтастықты арттыруды жоспарлап отырмыз. Биыл біз Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отырмыз. Арал теңізін құтқару – қорға қатысушы барлық елдің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана орындалатын міндет. Алдағы 3 жылда біз осы бағытта маңызды нәтижелерге қол жеткізуге ниеттіміз», - дейді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Аталған ұйым Арал теңізін құтқаруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жалпы әлеуметтік-экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото