Қытай үкіметі Қазақстандық студенттерге 155 оқу грантын ұсынып отыр

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 31 қаңтар

Қытай – әлем бойынша шетелдегі ең танымал оқу бағыттарының бірі. Ол АҚШ пен Ұлыбританиядан кейінгі халықаралық студенттер саны ең көп үшінші ел. Қытай үкіметі бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша Қазақстанға 155 оқу грантын ұсынып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» мәліметінше, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі арасындағы 2003 жылғы 3 маусымдағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Қытай үкіметі 2024-2025 оқу жылына ҚХР мемлекеттік стипендиясы бойынша оқуға бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламаларымен 155 білім грантын ұсынады.

Оқуда жүрген үміткерлер мектептен (колледжден, жоғары оқу орнынан) бітірушінің мәртебесі туралы оқу бітірудің жоспарланған күнін көрсете отырып, оқу бөлімімен расталған, қытай немесе ағылшын тілдеріне аудармасы бар нотариалды куәландырылған анықтаманы ұсынуы қажет.

Талаптары:

· Қазақстан Республикасының азаматы;

· бакалавриатқа үміткерде негізгі орта білімі туралы қосымшасымен аттестаты және жасы 25-ке дейін болуы қажет;

· магистратураға бакалавр дәрежесі және жасы 35-ке дейін болуы қажет;

· докторантураға үміткерде магистр дәрежесі және жасы 40-қа дейін болуы қажет.

Грант мынадай шығындарды өтейді:

· тегін оқу;

· бакалавриат бағдарламасы бойынша ай сайынғы стипендия – 2,500 CNY (159 мың теңге), магистратурада – 3,000 CNY (190 мың теңге), докторантурада - 3,500 CNY (221 мың теңге);

· медициналық сақтандыру.

· жатақхана.

Ал қалған шығындарды грант иегері өз қаражатынан өтейді.

Конкурстық іріктеуге қатысу үшін үміткерлер 2024 жылғы 20 ақпанға дейін Қытай стипендиялық кеңесі сайтында онлайн тіркеуден өтуге тиіс.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото