Екі жылда Қазақстанда қант қызылшасы алқабы кеңейеді

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 12 наурыз

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасы алқабы алдағы жылдары 40 мың гектарға жуықтайтынын мәлім етті.

«Былтыр қант өндіру көлемі 221,1 мың тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңнің көрсеткішінен 28% төмен (2022 ж. – 282,8 мың тонна). ҚР Үкіметі Қазақстанда Қант саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Бұл құжат аясында қызылшаға арналған егіс алқаптарын 38 мың гектарға дейін, отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізу, импорт үлесін 58 пайыздан 17 пайызға дейін төмендету, отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қамтамасыз етуді 7 пайыздан 43 пайызға дейін арттыру ескерілген», - делінген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Кешенді жоспар бойынша қант қызылшасын өсіруді ынталандыру үшін қызылшаны өңдеуге тапсыру кезінде субсидиялар нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, қайта өңдеуге тапсырылған қызылшаға берілетін субсидиялар көлемі былтырғы 3,6 млрд теңгеден биылғы 7,9 млрд теңгеге дейін өсті.

«Сондай-ақ, қант қызылшасын өсіруге арналған ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидиялардың үлесі 25 пайыздан 50 пайызға дейін өсті. Қызылша өсірушілер көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікті несиелер, жеңілдетілген дизель отыны, тұқымға, тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдарына субсидиялар алады. Жыл соңына дейін отандық шикізаттан шамамен 50 мың тонна қант өндіру жоспарланған», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото