Қазақстанның жеті облысында төтенше жағдай режимі жарияланды

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 2 сәуір

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы бойынша ақпарат берді, деп хабарлайды Sputnik.

Ведомство ақпаратынша, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Абай, Ұлытау және Ақмола облыстарының әкімдіктері жергілікті ауқымда төтенше жағдай режимін жариялады.

«Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Абай облыстарында 8 811 адам, оның ішінде 3 183 бала эвакуацияланды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Абай облыстарында уақытша орналастыру пункттеріне 5 467 адам, оның ішінде 1 977 бала орналастырылды. Әуе кемелерімен 666 адам, оның ішінде 242 бала эвакуацияланды», - делінген хабарламада.

Төрт көпір мен 26 жол төсемін су шайған, қазір бұл учаскелер бақылауда.

Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе және Абай облыстарында 44 елді мекенге көлік қатынасы үзілді.

ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 3,5 млн астам м3 еріген қар суы сорылды, 288 мыңнан астам қапшық және 44,7 тонна инертті материал төселді.

«Қауырт желі» телефондарына 459 қоңырау келіп түскен, 13 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 6 мыңнан астам адам, 2 мыңға жуық бірлік техника, 644 бірлік су айдау құралы және 61 бірлік жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұмылдырылды.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото