- Барлық ақпарат
ҚР СІМ Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне дрон шабуылы туралы мәлімдеме жасады

Фото: Kazinform
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі мұнай танкерлермен байланысты оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 13 қаңтарда Қара теңізде болған оқиғаға байланысты алаңдаушылық білдірді. Аталған күні Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бағыт алған үш мұнай танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасалған.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілінің сөзінше, осыған байланысты Қазақстан тарапы бірқатар еуропалық елдің елшілерімен шұғыл кездесулер өткізді, сондай-ақ АҚШ және басқа да шетелдік серіктестермен байланыс орнатты. Кездесулер барысында халықаралық құқық талаптарын сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдау, әсіресе теңіз жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының маңыздылығы атап өтілді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ешқандай қарулы қақтығысқа қатысы жоқ екенін және жаһандық әрі еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрақты үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан энергия ресурстарын халықаралық талаптарға сай, үздіксіз жеткізіп отырғанын мәлім етті.
Қазақстандық ресми тарап соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеп бара жатқанын атап өтіп, бұл халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысына қауіп төндіретінін ескертті.
Осыған байланысты Қазақстан серіктестерін осындай жағдайлардың алдын алу үшін бірлескен шаралар әзірлеуге және тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырады.
people.cn © People's Daily Online



