- Барлық ақпарат
Қазақстанда алғаш рет жолаушы мінген ұшқышсыз әуе көлігі көкке көтерілді

Астанада EH216-S ұшқышсыз жолаушылар әуе көлігінің алғашқы демонстрациялық ұшуы сәтті өтті. Бұл – Қазақстан тарихында жолаушы мінген ұшқышсыз әуе аппаратының алғашқы демонстрациялық ұшуы, деп хабарлайды Kazinform.
Тік ұшып-қонып, электр қуатымен қозғалатын (eVTOL) сериялық әуе аппараты «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында Астанадағы арнайы рұқсат етілген аумақта сынақ ұшуын орындады.
Демонстрациялық ұшу барысында қатысушылар ұшқышсыз әуе жүйелерінің нақты жағдайда қолданылу мүмкіндіктерімен танысты. EH216-S екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымды, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.
«Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5–30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр», – деп айтылған хабарламада.
Мәліметке сәйкес, болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, Қазақстанның заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.
Жоба аясында ұшқышсыз әуе жүйелерін шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін өзге де салаларда пайдалану көзделіп отыр.
Сонымен қатар Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерін кезең-кезеңімен жергілікті жерде өндіру жоспарланған. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Фото:Kazinform


people.cn © People's Daily Online



