Астанада қазақ күресінен әлем чемпионаты басталды

(Онлайн Халық Газеті)2022 жыл 13 желтоқсан
Астанада қазақ күресінен әлем чемпионаты басталды

Бүгін Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен Әлем чемпионаты басталды. Үш күнге созылатын дүбірлі додаға әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен 350 балуан қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл біріншілік - 3 жас мөлшерін қамтыған алғашқы бәсеке (ересектер, жастар және жасөспірімдер). Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар, әрқайсысы 5 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтайды. Ал ересектер 12 салмақ дәрежесінде (ерлер 8, әйелдер 4) белдесуде.

Айта кетейік, Қазақстандағы қазақ күресінен үш федерацияның басын біріктіріп, ұлттық күресті Қазақстанда және шетелдік аренада насихаттап жүрген Qazaq kuresi қауымдастығы биыл Біріккен күрес әлемінің (UWW) құрамына кірген екен. Алдағы уақытта барлық халықаралық жарыстар UWW-мен бірлесіп өткізіледі деп отыр.

Қазақ күресінен Әлем чемпионатын Insport телеарнасынан әлеуметтік желідегі парақшасынан тікелей эфирде көруге болады.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото