Қытай Қазақстан бағытына жаңа теміржол құрылысын бастады

(Онлайн Халық Газеті)2023 жыл 22 желтоқсан
Қытай Қазақстан бағытына жаңа теміржол құрылысын бастады

Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды Kazinform Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.

Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен МЖӘ қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта Қазақстандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда. Жергілікті қамту кем дегенде 85% құрайды деп күтіліп отыр.

ҚР Премьер-Министрі былтыр теміржолдармен тәуелсіз Қазақстанның 30 жылындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, 245 млрд тонна-километрді құрағанын атап өтті. Мұндай жоғары қарқын геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр.

«Соңғы бес жылда контейнерлік транзиттік тасымал көлемі 3,2 есе өсті. Қолданыстағы транзиттік дәліздер кеңейіп, жаңалары ашылуда. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Солтүстік-Оңтүстік және Оңтүстік дәліздері айрықша маңызға ие болып отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Қазіргі таңда өткізу мүмкіндігі мен инфрақұрылымдық қуат өз шегіне жетті. Осы стратегиялық маңызды мәселені шешу үшін теміржол саласында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бар.

Олардың қатарында Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желілерінің құрылысы мен басқа да жобалар іске асырылуда. Алдағы үш жылда Қазақстанда барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.

ҚР Премьер-Министрі магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін атап өтті. Кеніштерді игеру және жүктерді түсіріп-тиеу бекеттерін ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

«Мұның барлығы Абай облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның экономикасына оң әсерін тигізеді. Бақты – Аягөз жобасы Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді», — деді Әлихан Смайылов.

Іс-шараға Абай облысы әкімдігінің, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылары, теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото