Қасым-Жомарт Тоқаев: Әйелді құрметтей білген қоғам – мәдениетті, өркениетті қоғам

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 8 наурыз
Қасым-Жомарт Тоқаев: Әйелді құрметтей білген қоғам – мәдениетті, өркениетті қоғам

ҚР Президенті  Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Президент салтанатты жиынға қатысқан әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.

«8 наурыз – көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Біз ер-азамат болып, сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Мемлекет басшысы елдіктің жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

(Редактор:Ыбырай Дүйсен,Deng Jie)

Фото