Қазақстан Қытайлық туристерді қабылдауға дайын

(Онлайн Халық Газеті)2024 жыл 3 сәуір
Қазақстан Қытайлық туристерді қабылдауға дайын
ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Мәлікұлы Еркінбаев

3 сәуір, онлайн «Халық Газеті» -- 28-29 наурыз аралығында Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризм жылының туризмді дамыту және инвестициялау форумы мен туризм жылының ашылу салтанаты өтті. Аталған іс-шара аясында бірқатар қазақстандық тұлға туризм жылы бойынша онлайн «Халық Газетіне» сұқбат берді.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі:Биыл кемінде 300 мыңнан астам қытайлық турист қабылдаймыз

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Мәлікұлы Еркінбаев онлайн «Халық Газетінің» сұқбатын қабылдағанда Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ашылуына арналған форумда екіжақты 15 меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Бұл екі ел арасындағы үлкен жобалардың ірге тасын қалады, биылдан бастап үлкен жобалардың жүзеге асуына куә боламыз деп айтты.

Ержан Еркінбаев «Биыл Қытайдағы Қазақстан туризм жылы шеңберінде Қытайда 35-тен астам іс-шара өтеді, сол себептен тағы бірнеше қалаға бару жоспарымда бар», деп өзінің алдағы Қытайдағы сапары жайлы жоспарымен бөлісті.

«2023 жылы Қазақстанға Қытайдан келген туристер саны 200 000 адамнан асқан. Оны 2019 жылмен салыстырсақ, шамамен 2,5-3 есе артты. Биыл кемінде Қытайдан 300 000-нан астам турист қабылдаймыз деп күтіп отырмыз», - деді Ержан Еркінбаев.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі өзінің Қытай туризм нарығының әлеуетін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол сөзін сабақтап, «Өйткені 5-10 жылдың ішінде Қытай қалаларының өзгерісі өте анық көрініп тұр. Қытай туристерге қызық, қолжетімді. Ал Қытайдың Қазақстанға жіберетін туристерінің саны үлкен. Біз де көршілес халықпыз, Қазақстанның әртүрлі эко жүйелері мен пейзаждары, ұлттық табиғы парктері қытайлық туристерге қызық. Визасыз режим аясында екіжақты бүгінгі форумға қатысқан үш әуе тасымалы компаниясы әр рейстердің жиілігін арттыруға сөз берген, сондықтан бүгінде аптасына 35 рейс негізінде көрсеткіш арттыру жоспарланған. Қытайдан келген туристерді қабылдауға дайынбыз, өте қуаныштамыз», - деді.

Астана қаласы мәслихаты депутаты Естек Ғалымжанұлы Қанат онлайн «Халық Газетінің» сұқбатын қабылдағанда Қытайда төрт рет болғанын, Үрімжі, Бейжің, Санья қалаларына барып көргенін және биыл отбасымен бірге Хайнаньда туған күнін атап өткенін айтты.

«Біз Қазақстан халқы дәстүрге, елге, жерге көңіл бөлеміз, сол жақтарымызды Қытайға көрсеткіміз келеді. Біз тіл мәдениетімізбен басқа елдерге үлгі бола аламыз, ал Қытай мемлекетінің еңбекқорлығы біз үшін үлкен үлгі», - дейді депутат.

Қазақстан Қытайдың туристік нарығының әлеуетін жоғары бағалайды

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы газетіміздің сұқбатын қабылдағанда Қытай туризм әлеуеті әлемдегі бірінші нарық деп бағалады.

Ол «Қазақстан Қытай туристерін тарту үшін қабылдаған шаралардың ішіндегі ең үлкені - Қазақстан-Қытай екі ел басшысы бірге жариялаған биылғы туризм жылы. Соның аясында бүгін ашылу форумы өтіп жатыр. Екі жақтан 500-ден астам компания келді. Қытайдың өзінен 200-ден астам компания отыр. Олар көптеген өзара келісімшарттарға қол қойды. Бұл бір бастамасы ғана», - деді.

Даниел Сержанұлы сөзін сабақтап, Қазақстанның төрт аймағы Қытаймен шекаралас жатқанын, олар трансшекаралық маршруттар әзірлеуді, екі елге бір маршруттар шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Елдерінің тарапынан қытайша сөйлейтін гиттер дайындау, қытай туристерін қабылдау үшін арнайы оқыту өткізу бойынша шаралар қабылданып жатқанын, ең бір ерекшеленетіні Қытай нарығына бейімделіп, тек қытай туристерін қабылдайтын компаниялар көп екенін айтты.

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша, Қытайдан келген туристерді қабылдап, оларды қанағаттандыру үшін үлкен нарық жасауға олар енді-енді келе жатқанын, қазір келіп жақтан туристерді жақсылап қабылдап, одан әрі жұмыс істеуге құлшынып отыр.

Оның айтуынша, қазірге дейін Қытайдан Қазақстанға топпен баратын, үлкен жастағы туристер басым тұратыны белгілі болды.

Абай облысы Туризм кеңесінің Төрағасы Қанат Шикібаев «Мен Қытаймен туризм саласында жұмыс істегеніме биыл 25 жыл болады, сондықтан Қытайда жиі боламын. Шанхай мен Гуанчжоуға Қазақстан туристерін көп әкелдім, ал демалушыларды Хайнаньға апарамын. Соңғы 12 жылда Шыңжаңмен көп жұмыс істедім», - дейді.

«Қытайдың көрікті аймақтарына барғанда көп көзге түсетіні әрі менің қызығатыным - үкімет көп қолдайды. Тарихи-мәдени жерлерді қалдырып, оны көзінің қарашығындай аялап, мемлекеттік саяхат ауданы етіп бекіту, негізгі құрылғыларын толық салып беру өте керемет екен», - деді Қанат Шикібаев қызығушылығын жасыра алмай.

Қытай-Қазақстан рейстері артты

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Мәлікұлы Еркінбаевтың айтуынша, Қытай туристеріне Астана қаласы, Алматы аумағы, ЮНЕСКО-ның тізімінде бар оңтүстік, солтүстік өңірлердегі аймақтар қызық. Вице-министр Қазақстанда дүние жүзіндегі бүкіл төлем жасау жүйелері жұмыс істейтінін, соның ішінде Қытайдың банктік қаржылық жүйелерін де қабылдайтынын айтты.

Астана қаласы мәслихаты депутаты Естек Ғалымжанұлы Қанат Қытайдың халқын еліне шақырып, Қазақстанның қозғалмаған, адамның қолы тимеген табиғатымен танысуға ұсыныс жасады. Депутат қытайлықтарды Қазақстанның өнер, салт-дәстүрімен таныстырғысы келетінін айтты.

Абай облысы Туризм кеңесінің Төрағасы Қанат Шикібаев Қытай мен Қазақстан таулары иек артып, өзендері қосылып жатқан көршілес ел. Сондықтан да қысқы, жазғы маршруттар ашылып, 3 күн, 5 күн, 7 күн, 12 күнге дейін маршруттар дайындадық. Мұнда тек демалу емес, емделу деген маршруттар бар, енді тарихи жерлер маршруттарын ашқалы отырмыз деп жоспарларын бөлісті.

«Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Алашанькоудан Алакөлге небәрі 115 шақырым, такси, автобус бәрі бар. Байлығымыз да, мақтанышымыз да - Алакөл. Осында демалып, емделуге болады. Кезінде Кеңес үкіметі ғарышқа ұшқан ұшқыштарды осында әкеліп емдеген», - деп Қанат Шикібаев өзінің ата мекеніндегі туристік жерлерді таныстырды.

«Алакөлімізге бұрын Ресейден, Қазақстаннан келетін, қазір Қытайдан келетіндер көп. Бұл қол-аяқ ауруы, имунитетті көтеруге өте қолайлы», - дейді кәсіпорын жетекшісі.

Визасыз режим барыс-келісті арттырды

Астана қаласы мәслихаты депутаты Естек Ғалымжанұлы Қанат «Қазір визасыз режимның пайдасын көріп келіп жатырмыз. Бұл өте керемет. Визасыз режим біздің экономикамызға үлкен өзгерістер ала келді. Қазақстанның бизнесмендері Қытайға келіп, бизнеспен айналысып жатыр, қытайлық кәсіпкерлерді де елге шақырып жатырмыз. Бүгінгі таңда басты тақырып туризм болса, ол екі елдің бір-бірінің экономикасына қаржылық көмегі болып есептеледі», - деп визасыз режимді жоғары бағалады.

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы «2023 жылы визасыз режим келгеннен бері, Қытайдан баратын туристер саны еселеп артты, мысалы, әуе билеттерін брондау 50% артқан, қонақ үйлерді брондау 200% артқан. Өте жоғары деңгейде өсіп жатыр, биыл осы қарқынмен Қытайдан келетін туристерді 300 мыңнан асырамыз деп күтіп отырмыз. Бұл біздің туризмде жаңа пайда бола бастаған өзгеріс», - деп тоқталды.

Визасыз режим аясында Абай облысы Туризм кеңесінің Төрағасы Қанат Шикібаев өз ойымен ортақтасып, «визасыз режим қабылданғаннан бері оны екі ел халқы өте қолдап отыр, мен саяхатпен жұмыс істейтін болғаннан кейін оны тіпті екі есе қолдаймын. Ол адамдарға көп жеңілдік болды, ақшаны айтпағанда уақыт көп үнемделді. Қазір қолында паспорты бар адам бір-бірінің еліне шыға алатын болды, бізге келіп, Қытайға шығамыз дейтіндер көбейді», - дейді қуанышын жасыра алмай.

(Редактор:Ардақ Тұрсынтай,Deng Jie)

Фото